Мектеп тарихы

 

 

Дина Нұрпейісова – 160 жыл

 

Балалар өнер мектебінің бүгіні мен болашағы

 

Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны айрықша. Яғни, ол – тұтас бір ұлтымыздың тарихының шежіресі, жүрек лүпілінің жазбасы (кардиограммасы), жабырқаса мұңдасы, жадыраса сырласы. «Сахнаға шығып бір-екі күй тартқаннан соң-ақ өзімді-өзім ұмытамын. Бусанып тер шығады. Арқам кеңіп, шабытым бәйгеге түскен сәйгүліктің алтын тағалы тұяқтарындай жазылып, құлашым кеңейіп арқаланып кетемін…” Бұл – қасиетті домбыраның құлағында ойнаған, күйлерінің  әуендік сипаты, көркемдік образы, философиялық ой тереңдігі арқылы талғам-танымымен ерекшеленген аңыз тұлға Дина Нұрпейісованың сөзі. Ол – күй атасы Құрманғазы дәстүрін берік ұстаған және жалғастырған, бүгінгі ұрпаққа қаймағын бұзбай табыс еткен дария дарын иесі. Сондай-ақ, 1934 жылы Мәскеуде болған халық аспаптарында орындаушылардың Бүкілодақтық конкурсына қатысып, бірінші жүлдені еншілеген әйгілі орындаушы. Тек алып күйші-домбырашы ғана емес әрі көп құрмет-қошеметке бөленген халық композиторы. Оның әсіресе Ұлы Отан соғысы кезінде туындаған шығармалары тамаша, солист-домбырашылардың, Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестр репертуары төрінен орын алды. Екі рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталған, «Қазақ ССР-ның халық артисі» атанған  күй анасының туғанына биыл – 160 жыл. Өткінші өмір өте шығар, бірақ, өнердің мәңгілік өлмейтіні – заңдылық. Ауданымыздағы сөзімізге арқау болған сырлы саз саңлағы Дина Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебі бүгінде балғындарға эстетикалық тәрбие берудегі бірегейлігімен баршамызға белгілі.

 

Ғасырға жуық тарихы бар…

 

Аталмыш өнер мектебінің іргетасы 1964 жылы Теңіз аудандық атқару комитетінің 21 қазандағы шешімімен Ганюшкин балалар музыка мектебі болып қаланды. Алғашында Ұлы Отан соғысының ардагері, домбырашы Ахонғали Елеуов (1964-1969 жж. мектеп директоры), скрипка мамандығынан Ғазиз Бердешов, фортепианодан Любовь Безрукова, қобыздан Күнсұлу Елеуова және баян аспабынан Мәдениет Уәлитов есімді ұлағатты ұстаздар 45 оқушыға сабақ берді.  Кейіннен, 1965 жылы музыка мектебі арнаулы музыкалық оқу орындарын бітірген Шәріп Ниеталиев (1969-2006 жж. мектептің директоры), Қалекен Хафизов (оқу ісінің меңгерушісі), 1970 жылдары Мина Мүшфихова, Райса Бисембиева, Ерболат Мұсағалиев, Дуся Тусупова, Ибраким Хабибуллин (2006-2017 жж. мектеп директоры болды), Сәрсенбай Бүркітов, Амантай Исағалиев, Қатима Гайсина, Күншығар Рамазанов, 1980 жылдары Ұлдай Қоңырбаева, Зауреш Қуанышбаева, Андрей Сутырин, Жанар Құрманғалиева, Светлана Бердешева, Макпуза Бабакиева, Мақпуза Меңдіғазиева, Светлана Сарсенова, Ғизат Дарибаева, Рашида Жабелова, Сабиля Набиева, Хабиболла Шарапов, Ғазиз Кисметов, Мағзия Бахишева, Валентина Бабушкина, Жаңылсын Жумпаева, Талап Өмірболатов, Гульмира Сужикова, Галя Жолмуханова, Мархабат Жанкеева, Михаил Базяйкин, Қамха Нұрбаева, Гүлмайда Наушабаева, 1990 жылдары Жанна Сабырғалиева,Айгүл Нұрлыбаева, Алмагүл Қайрлиева, Қарлығаш Халелова, Жанаргүл Даумова, Мадина Бекешова, Гүлбадан Хафизова, 2000 жылдан бері Қарлығаш Курманова, Жұмазия Мұхамбеткалиева, Берік Сұлтанмұратов, Анар Кабдолова, Гаухар Ниеталиева, Нұргүл Мусина, Гүлжанат Шаменова, Тоты Ибрашева, Нұргүл Ищанова, Гүлзада Кенжешова, Бақытгүл Оразова, Индира Есенгулова, Бақыт Ислямова, Салтанат Әжіғұлова, Ертілек Мұфтоллаев, Ерқанат Сағындықов, Гүлдана Бисенгалиева, Айгерім Жасқайратова, Алмазия Жахина  сынды мамандармен толықты. Бұл тізімдегі жандардың әрқайсысының музыка өнерінің өсіп-өркендеуіне қосқан елеулі үлесі, саналы ғұмыры, сансыз сыннан сүрінбеген сара жолы бар.

1991 жылы 31 мамыр күні Халық депутаттары Теңіз аудандық атқару комитетінің №149 шешімімен Ганюшкин балалар музыка мектебіне халық сазгері Дина Нұрпейісова есімі берілді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар өнер мектебі 1000-нан астам түлектің тауанын қайтармай, талабын ұштады. Қазіргі таңда балаларға қосымша білім беру бағдарламасын іске асыруда фортепиано, скрипка, домбыра, баян, хореография, бейнелеу өнері, вокал мамандықтары бойынша дәріс беретін педагогтар саны – 24.  Жоғары білімді педагог-17, арнаулы орта-7. Жасөспірімдерге көркем-эстетикалық, музыкалық бағытта  фортепиано, домбыра, қобыз, баян, хореография, вокал, бейнелеу өнері  үйірмелері жұмыс жасайды.  2021-2022 оқу жылы қамтылған оқушы саны-319.

Білікті маман – мектеп мерейі

 

2013 жылдан бері аудандық әдістемелік кабинетінің басшылығымен Ресей Федерациясының Красный Яр селосы №15 балалар өнер мектебінің педагогикалық ұжымымен тығыз байланыс орнатылған. Оқушылар арасында «Дина күйлерін орындаушылар сайысы», «Волшебные звуки», «Музыкальная капель»  байқауы,  2017 жылы музыка теория пәні бойынша оқушылардың қатысуымен «Камертон» олимпиадасы, 2019 жылы «Қосымша білім беру – жеке тұлғаны ұлттық мәдени құндылықтарға тәрбиелеудің кепілі» тақырыбында семинар  өткізілді.

«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады», деп орыстың ұлы классик-педагогы К.Ушинский айтқандай, мектеп педагогтары қарым-қабілеттерін шыңдаудан әсте қалыс қалған жоқ. Олардың заман талабына сай оқу-тәрбие үрдісін жаңа технология әдістерімен өткізу, музыкалық, бейнелеу өнері аясында оқушылардың сұранысын қанағаттандыруда шығармашылықпен жұмыс жасау деңгейі 75 %-ды құрайды. Білікті басшы, тәжірибелі ұстаз Милана Боханова бастаған педагогикалық ұжым инновациялық жұмыс түрлерін ұйымдастырып, кәсіби додаларға қатысып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Соның ішінде, облыстық деңгейде өткен педагогтардың ұлт-аспаптар ансамбльдер  байқауында мектеп ұжымы 2 орын, педагог В.Бабушкина «Үздік музыка пән кабинеті», «музыка теориясы пәндік олимпиадасы», М.Боханова «Әдістемелік вернисаж», «Үздік менеджер», Г.Ниеталиева, А.Кабдолова, А.Хамзина республикалық «Шеберлер қолтаңбасы», халықаралық «Дарын Азия», Г.Ниеталиева, Б.Сұлтанмұратов, М.Боханова «Облыстық педагогикалық оқулар», Г.Ниеталиева «Үздік қосымша білім беру педагогы» байқауында жүлделі орындардан көрінді. Қосымша білім беретін ұйым басшыларының республикалық  семинар-конференциясында үздік баяндама жасаған А.Нұрлыбаеваның іс-тәжірибесі республика көлемінде және 7 педагогтың  іс-тәжірибелері аудан аймағында таратылды.

Сонымен қатар «Жиделі» фольклорлық ансамблінің құрамындағы бір топ өнерпаздар Ғ.Дарибаева, Б.Сұлтанмұратов, А.Қабдолова, Г.Кенжешова, Г.Сидағалиева, Ә.Нұрғалиев, Т.Ибрашева Елордада өткен Наурыз мерекесі мен 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық көрмеде өнерлерімен ерекшеленгені үшін Елбасының және қала қонақтарының ілтипатына бөленді.  “Қосымша білім беру ұйымдарында жеке тұлғаны дамытудағы мұғалімнің шығармашылық ізденістері” тақырыбында өткен қосымша білім беру ұйымдары педагогтарының облыстық семинарында И.Хабибуллин,  М.Боханова, Г.Кенжешова, А.Нұрлыбаева, Б.Оразова, Б.Сұлтанмұратовтың шығармашылық жұмыстары ерекше атап өтілді.

 

Өнерді сүйген жас жүрек

 

«Өз ісін күшті меңгерген және оны сүйетін мұғалім ғана өз шәкірттерінің бәріне жемісті ықпал жасайтын болады» деген орыс энциклопедист-ғалымы Д.Менделеевтің де сөзіне қосылмау орынсыз. Өнердің қара шаңырағында қанаттары қатайған жас қарлығаштар халықаралық, республика, облыс деңгейінде оздырылған «Жас музыканттар», «Б. Рзаханов атындағы жас орындаушылар сайысы», «Камертон», «Шаттық», «Жадыра, жас дарын!», «Ақ көгершін», «Л.Хамиди атындағы жас музыканттар», «Ата-баба мұрасын сақтаймыз!», «Burabai summer fest», «Платон», «Зияткер», «Ақ сәулелі алтын таң», «Дала сазы», «Алтын ұя мектебім», «Менің отаным – тәуелсіз Қазақстаным», «Жарқын жол», «Астана арай», «Дарын-Азия», «Біз бақытты баламыз», «Ұлы дала рухы», т.б. байқауларда топ жарып, аудан, облыс мерейін талай асқақтатты. Солардың қатарында:  Республикалық «Жас музыканттар» байқауында  топты жарып, алдыңғы қатардан қазылар алқасының көзіне түскен жас сырнайшы Елемес Диас,  Сатыбалдыұлы Нұрдаулет, домбыра мамандығын жалғастырушы шәкірттер Қыдырсихова Тоғжан, Саматова Айымгүл, Тлегенов Бахтияр-Алматы мемлекеттік консерваториясы, Амангельдин Нұрдаулет, фортепиано мамандығында Беймбетқызы Асылжан, Мусагалиева Альфия Атырау музыка колледжі, Манарбекова  Гаухар Астрахань консерваториясының студенттері.

 

 

 


Жарияланды: 27.11.202108:44

Автор: